RUS  KAZ

Жаңалық

Еліміздегі маңдайалды, қарқынды дамып келе жатырған қалалар қатарындағы, 400 мыңнан астам халқы бар Ақтөбе қаласын жылумен және ыстық сумен жабдықтау міндетін абыроймен атқарып, тұтынушылардың көңілінен шығып жүрген ірі коммуналдық кәсіпорын – «Трансэнерго» акционерлік қоғамы.

Келесі жылы өзінің 40 жылдық еңбек жолын атап өтетін кәсіпорын жылдан жылға тұтынушыларды жылу қуатымен тұрақты және сапалы жабдықтауда, ысыраптар мен шығындарды азайтуда айтулы жетістіктерге жетуде. Кәсіпорын директоры М.Бекмеев – күрделі өндірістің тәжірибелі ұйымдастырушысы, басшы ретінде өзінің зор беделімен алға қойылған мақсаттарды орындауды қамтамасыз етеді. Оның табандылығы, жігері және еңбексүйгіштігі арқасында ұжым жұмыста оң нәтижелерге жетіп, қаланың жылумен жабдықтау жүйесінің әрі қарай дамуына белсенді атсалысады.

Бүгінде М.Бекмеев басқаратын кәсіпорын күшті техникалық және интеллектуалдық әлеуеті бар кәсіпорын болып табылады. Бұл әлеует байқаусыз қалмады. Соның айғағы, биылғы жылдың желтоқсан айында «Трансэнерго» АҚ Астана қаласында өткен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша «Парыз-2011» конкурсының «Әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі үздік кәсіпорын» номинациясында күміс кубогын жеңіп алды. Алғашқы рет республика көлемінде коммуналдық кәсіпорын бұндай жоғары марапатқа ие болғанын атап өту керек. Бұл – кәсіпорын ұжымының барынша ынта-ықыласымен еңбек етуіне барлық жағдай жасалғанын көрсетеді. Сонымен қатар, жұмыскерлердің жайлы дем алуына, жан-жақты емделуіне ерекше мән берілетінін айғақтайды.

2011 жылдың қорытындылары бойынша кәсіпорынның кәсіподақ комитеті «Облыстың үздік кәсіподақ ұйымы» атағына ие болды, және «Үздік ұжымдық шарт» номинациясында жеңімпаз болып танылды. Кәсіподақ комитетінің төрайымы «Ақтөбе облысының кәсіптер одағына 90 жыл» медалімен марапатталды.  

Осы орайда кәсіпорын басшысы Бекмеев Мәжит Абдоллаұлының ерен еңбегін атап өткен жөн. Еңбектегі жетістіктері үшін биылғы жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында «Құрмет» орденімен марапатталды. 40 жылға жуық оның еңбек жолы «Трансэнерго» АҚ-мен байланысты болды, жылу шаруашылығының қыр-сырын жетік меңгерді.

Осы еңбек жолында «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен марапатталған көмекшілері, кәсіпорын ардагерлері өндірістік-техникалық бөлімнің бастығы Н.Н.Войтенко, электргазбенпісіруші Б.Жәрдембаев және басқалары үнемі қолдау көрсетуде.

Осындай білімді, білікті, тәжірибелі мамандары бар, заманауи талаптарға сай жұмыс істеуге мүмкіндігі жететін, коммуналдық қызмет саласында өзіндік салмақты, салиқалы орны бар іргелі кәсіпорын алдағы уақытта да жұртшылық сенімін ақтап, қалтқысыз қызмет ететіні сөзсіз.